Білім беру прогрестің ең маңызды факторларының бірі болып отырған қазіргі шақта қаламыздағы Лев Николаевич Гумилев атындағы Евразия университетінің атқарар ролі ерекше екендігі дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Аталмыш жоғары оқу орны университет болып қайта құрылғаннан бергі уақытта өзіндік бет-бейнесімен республикамызды былай қойып, шет елдерге де кеңінен танылуда. Қазір ол күн санап толығып, толыса түсуде. Университет ректоры, академик Амангелді Құсайынұлы Құсайыновтың білгірлікпен жүйелі жұмыс жүргізуінің нәтижесінде мұнда жер-жерден айтулы ғалымдар топтастырылуда. Жаңа астанада ғылым жолында еңбек етуге талпынып келген жас ғалымдардың дені өзіндік айшықты қолтаңбасымен танылып та үлгерді. Мәселен, биыл аталмыш университеттің екі бірдей ғалымы Президенттік стипендияның иегері атанды. Біз жерлес ғалымдарды қуанышымен құттықтай отырып, газет оқырмандарына таныстыра кетуді жөн көрдік.
Биылғы, «Президенттік стипендия» жүлдесі үшін ұйымдастырылған конкурсқа жерлес ғалымдарымыздың бірі Л.Н.Гумилев атындағы Евразия университеті биология кафедрасының меңгерушісі, биология ғылымдарының докторы, профессор Нұркен Мырзаханұлы Мырзаханов қатысты. Жерлес ғалымымыздың «Лимфа (сөл) айналысы» атты еңбегі арнайы ұйымдастырылған конкурста жоғарғы бағаға ие болды.
Сөл айналымының адам денсаулығына тигізер әсері өте зор. Бұған дейін ғалымдар сөл тасымалдайтын тамырлардың жиырылатынын анықтаған болатын. Ал, жерлес ғалым Н.М.Мырзаханов өзінің бұл еңбегінде сөл тасымалдайтын тамырлар без жүйесінен тұратынын және оның жиырылатынын дәйектеп, жаңа тұжырымдама түзеді. Бұрынғы қалыптаскан көзқарас бойынша бездер иммундық жүйенің құрамына еніп, негізгі атқаратын қызметі ағзаны жұқпалы аурулардан қорғайтын жүйе саналатын. Ғалым тұжырымдамасында бұл мағына жетілдіріліп, лимфа бездерінің тек биологиялық сүзгіш емес, сонымен қатар, сөл тасымалдау қызметін атқаратыны да анықталады. Бұдан әрі ғалым өз еңбегінде лимфа бездерінде дәрілердің тигізетін әсері, сырқаттанған лимфа жүйесінің бөліктерін хирургиялық жолмен айырбастау тәсілдері жөнінде тың ойлар айтады.
Бүгінде ғалым өзі түзген тұжырымдама негізінде дені сау адамның денсаулығы туралы зерттеу жұмысымен шұғылданып жүр. Биология кафедрасының жанынан биотехнология және қазіргі сананың экологиялық проблемаларын зерттеу, ұсақ хайуанаттарды қорғау, өсіру, емдеумен шұғылданатын лаборатория ашуға дайындық жүргізуге Нұркен Мырзахановтың қосып отырған үлесі өте зор . Сонымен бірге жерлес ғалымымыз адам және жануарлар дүниесін жетік білетін маман болғандықтан физиологиялық терминдердің түсіндірме сөздігін жасап шығарды. Студенттерге арналып жалпы физиология бойынша жазылған екі томдық биология факультеті оқушыларына арнап жазылған ауыл шаруашылығының негіздері туралы практикалық оқулықтар Нұркен Мырзахановтың қолынан шыққан ең құнды дүниелер.
Ал, Л.Н.Гумилев атындағы Евразия университеті филология факультетіндегі қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Дихан Қамзабекұлы бұл сыйлықты екінші рет алып отыр. Бірінші сыйлық 1994 жылы «Алаш зиялыларнының шығармалары туралы» деген ғылыми мақалалары үшін берілген еді. Биылғы жүлде Д.Қамзабекұлына «Сәкен Садуақасұлының шығармашылығы туралы» монографиясы мен соңғы жылдары шыққан «1920-30 жылдардағы әдебиеттің ақтаңдақ беттері туралы» мақалалар топтамасы үшін берілді.
Соңғы жылдары өзіндік қолтаңбасымен танылып келе жатқан жас ғалым қазір үлкен ізденіс үстінде. Мәселен, Ж.Аймауытовтың бес томдығын құрастыруға ғалым көп еңбек сіңірді. Оның екі томы «Ғылым» баспасынан жарық көрді де, Д.Қамзабекұлының Қошке Кемеңгерұлының таңдамалы жинағына жазған алғъі сөзі мен ғылыми түсініктемесі, «Қазақ әдебиетінің тарихы» (жаңаша бажайлау) атты екі ұжымдық монографияға енген әр дәуір әдебиетінің (проза, поззия, әдеби сын, әдебиеттану) тарихы, «1920 жылдардағы баспасөздің таралуы», «1950-1960 жылдардағы әдеби сын» (жеке кітап) атты еңбектері соңғы жылдарда жазылып, жоғары бағаға ие болған дүниелер. Жақында Д.Қамзабекұлының «Руханият» атты зерттеу кітабы «Білім» баспасынан жарық көрмекші. Жас ғалымның докторлық диссертациясы «20 ғасыр басындағы әдебиеттегі ұлт-азаттық идеясы мәселелері» деген тақырып төңірегінде өрбімекші.
Сонымен, екі бірдей жерлес ғалымдарымыз Президенттік стипендиясының иегері атанды. Л.Н.Гумилев атындағы Евразия университеті үшін бұл үлкен қуаныш, зор мәртебе. Біз де олардың қуанышына ортақтаса отырып, ғалымдарымыздың әлі де талай биіктерден көріне беруіне тілектестік білдіреміз.
Амантай Әбілұлы
«Арқа ажары» газеті,
2 желтоқсан, 1997ж.