Ауылда туып, ауылда өскен, бірақ қырандай қияға қанат қағып өзіне ғана тән өріс іздеген, ол өрісті ғылымның қиямет жолынан тапқан азаматтардың бірі – Ебіней Арыстанұлы Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы, Президенттік стипендияның иегері, білім беру саласының үздігі Нұркен Мырзаханұлы.
Қарқаралы ауданына қарасты Томар ауылында дүниеге келген Нұркен жасынан-ақ алғыр болып өсті. Орта мектептен соң Семей қаласындағы малдәрігерлік-зоотехникалық институтының ветеринария бөліміне түсіп, «Лениндік стипендиямен» оқып, «Қызыл диплом» алып шығады.
Нұркеннің ғылым жолындағы қадамы институт қабырғасында жүргеннің өзінде басталған болатын. Оның мұндай қабілетін байқаған ұстазы Мария Иванқызы Коханинаның ұсынысымен әуелде ассистенттік жұмысқа қалдырылып, кейін аспирантураға түседі. Ал бұл кісі болса белгілі физиолог, академик Иван Петрович Павловтың белгілі шәкірті Константин Михайлович Быковтың оқушысы, Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген ғалым, академик Александр Порфирьевич Полосухиннің ізбасары болатын. Болашақ ғалым – Нұркеннің, ғылыми-педагогикалық және қоғамдық қызметтері осындай құнарлы бастаулардан тамыр алған еді. Сондықтан да, бүгінгі күні Нұркен Мырзаханұлының ғалым болып қалыптасуына белгілі ғылыми мектептер мен өндіріске еңбек сіңірген қайраткерлердің орны ерекше деп ауыз толтырып айта аламыз.
Егер атап айтар болсақ, ол 1974 жылы қорғаған «Ішек лимфасының ағыны мен иондық және белоктық құрамдарына рефлекторлық әсерлер» атты кандидаттық диссертациясының «Вегететивтік ганглийлердің лимфа ағынына әсері» деген тарауы Белорусь Республикасы Ғылым академиясының Физиология институтында академик Иван Андреевич Булыгинның (негізі, Ақмола облысы Атбасар ауданының тумасы) басшылығымен орындалса, оның «Лимфа мен қандағы белоктардың алмасуы» атты тарауы Эстония Ғылым академиясының Экспериментальдық биология институтында академик Хайнс Христианович Айнсонның басшылығымен орындалды. Бұл диссертация Ресей империясындағы ең тұңғыш жоғары оқу орны – Тарту университетінде, әлемдегі жеті елдің академиясының академигі Харальд Мартович Хаберман басқаратын диссертациялық кеңесте табыспен қорғалды. Қорғауға құрметті қонақтар ретінде ұстазы Мария Иванқызы Коханина мен әріптесі Нүрия Гайнанова қатысты. Бұдан соң Нұркен Мырзаханұлының «Ауыл шаруашылығы малдарының лимфа айналымының функционалдық ерекшеліктері» атты докторлық диссертациясының «Лимфа бездерінің жиырылуы мен реттелісі» (автор тұңғыш рет дәлелдеген – ғылыми жаңадық) тарауы Ленинградтың Илья Ильич Мечников атындағы Санитарлық-гигиеналық медицина институтының Физиология кафедрасының меңгерушісі, Ресей Ғылым академиясының академигі, профессор Ратмир Сергеевич Орловтың зертханасында оның басшылығымен, ал «Лимфа бездерінің талшықтарындағы катехоламиндердің арақатынасы» тарауы Мәскеудегі академик Евгений Иванович Чазов басқаратын Кардиология институтының Жалпы сырқаттар зертханасының жетекшісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик Вадим Игоревич Шевелевтің басшылығымен, «Лимфа жүйесін зерттеу тәсілдерін жетілдіру» деген өзінің арнайы хирургиялық тәжірибе әдістемелерін ойлап табуы Ауыл шаруашылығы малдарының Бүкілодақтық физиология, биохимия және қоректену ғылыми-зерттеу институтының академигі, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Али Абакарович Алиевтің зертханасында жүзеге асырылды.
Нұркен Мырзахановтың докторлық диссертациясының ғылыми кеңесшілері болып профессорлар Мария Ивановна Коханина және биология ғылымдарының докторы Лиза Эртасовна Бөлекбаева тағайындалған еді. Соңғы жағдай Қазақстан Республикасының Адам және жануарлар физиологиясы Ғылыми-зерттеу институтының академиктері, биология ғылымдарының докторлары, профессорлар Қазиз Ташеновтің, Қабдрахман Дүйсенбиннің, Бронислав Никитиннің, медицина ғылымдарының докторы Игорь Потаповтың құнды кеңестерін пайдалануға мүмкіндік туғызды.
Бұл докторлық диссертация 1995 жылы осы институттың Ғылыми кеңесінде профессор Л.Бөлекбаеваның жетекшілігімен тамаша қорғалды.
Ғалымның мидың маңдай бөлігінің лимфа ағынына әсерін зерттеу үшін студент кезінде орындаған «Мысықтың маңдай қуысының құрылымының ерекшеліктері» (1967ж.) жұмысынан бастау алатын ғылыми еңбектері лимфа жүйесінің, оның ішіндс лимфа бездері мен тамырларының ағзадағы зат алмасу, қорғаныс және бейімделу қызметтеріне қатынасын зерттеуге арналды. Бұған ғалымның осы ғылыми бағыттағы жүздеген мақаласы мен бес монографиясын айтуға болады.
Ол, сонымен қатар, қазіргі замандағы адамның денсаулығының қалыптасуы, сақталуы және жетілдірілуі жолдарына байланысты саламен де табысты шұғылданып келеді. Ол елімізде тұңғыш рет осы салаға арналған «Педагогикалық валеология негіздері» (2001ж., 2006ж.) және «Денсаулық педагогикасы» оқу құралдарының, авторлық бағдарламалардың және көптеген публицистикалық мақалалар мен сұхбаттардың да авторы. Нұркен Мырзаханұлының экологиялық мәселелерге арнаған еңбектері ерекше. Әсіресс оның соңғы уақытта жарық көрген «Экологиялық эссе» (2006) кітабында көтерген мәселелерінің сонылығы пәлсафалық деңгейінің биіктігімен ерекшеленеді.
Жалпы экологиялық әрекетіміздің ұлттық тұғырын қалыптастырудағы Нұркен Мырзаханұлының еңбегі өте жоғары және соны екендігін атап өтуіміз керек. Оның осы мәселелерге арнап жазған «Экологиялық зерде немесе экологиялық имандылық негіздері» атты мақалалары (барлығы 11 мақала) нағыз азаматтық, патриоттық және пәлсафалық тың ойларға бай, ғылым саласына қосылған сүбелі үлес болып табылатындығы сөзсіз.
Нұркен Мырзаханұлының ғылыми ізденістерінің тағы да бірегей кырларының бірі – жоғары білім беру саласының педагогикасы деуге де болады. Бұл салада автор еліміздің қазіргі кездегі оқыту тұжырымдамасынан бастап, әлемдік үрдістермен (эдукология) қауышқан ұлттық педагогикалық әдістемелерне дейін қамтиды.
Білім, ғылым және қоғамдық өмір саласындағы еңбектері бағаланып жатыр. Биология саласындағы еңбегі үшін (Лимфа айналымы) Президенттік стипендиат атанды, ҚР білім беру жүйесінің үздігі белгісіне ие болды. Қазан айында Халықаралық Ақпараттандыру академиясының академигі атанса, бір айдан соң Қазақстан Педагогикалық академиясының мүше-корреспонденті атанды.
Қазір академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Биология факультетінде Физиология кафедрасының профессоры, «Бейімделу физиологиясы» зертханасының меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарып жүр.
Нұрекеңнің қоғамдық жұмыстары да белсенділікпен орындалуда. Қазір «ҚарМУ хабаршысы» журналының биология, медицина және география сериясының ғылыми редакторы.
Ол басқаратын зертхана әр жыл сайын ғылыми гранттардың иегері болып келеді. 2004 – 2006 оқу жылдарында зертхана «Орталық Қазақстанның қоршаған ортасы мен адамдарды қорғаудың биомониторлық әдістері » атты жобаны орындап, зерттеу нәтижесінде «Орталық Қазақстандағы қоршаған ортаны биомониторлау» атты монографиялық еңбек жарық көрді. Былтырдан бері зертхана ұжымы Орталық Қазақстан аймағының мәселелеріне байланысты «Сарыарқадағы әр түрлі деңгейдегі биожүйелердің қазіргі жағдаяты мен көрсеткіштерін өзін-өзі реттсу тетіктерін бағалау» атты ғылыми жобаны іске асыру үшін ықыласты еңбек етуде.
Осындай үлкен ғылыми жетістіктерге қол жетуіне өзінің бұрынғы ұстаздары мен ғылыми жетекшілерінің қосқан үлесінің зор екендігін Нұркен Мырзаханұлы мақтанышпен айтады және ол өзінің «Өмір-сонар» атты толғанысқа толы кітабында солай деп жазған. Мәселен, алғашқы ректоры Байдолла Садықовқа арналған тұсында: «Нұркен, бұрын жақсы оқу өзің үшін қажет болса, енді өзің өкілі болып саналатын ұлттың жастарының намысы үшін қажет» деген еді, – дей келе: «Қысқасы, мен сол күннен бастап қазақтың азаматы болу тек қана жақсы оқу емес, сонымен қатар не үшін оқу керектігін де ойлау екендігіне көзім жетті», – деп тұтжырымдаса, екінші ректоры Уалхан Әбділманов туралы да «… біз сияқты жас ғалымдардың білімдар ғана емес, жүректі, жайсаң азамат болып шығуымызға да ықпал еткені даусыз» деп шын жүректен мойындайды.
Иә, шын мәнінде жүректі де жайсаң азамат Нұркен Мырзаханұлының алған асуынан гөрі алда шығар биігі әлі де жоғары екендігі даусыз. Сондықтан да оның ғылымның оңайлықнен келмейтін қия жолындағы еңбегіне мол табыс, шығармашылық шабыт тілеймін.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
ҚР мәдениет қайраткері, ҚР құрметті тілшісі,
«Алтын сұңқар» сыйлығының иегері
Сүйіндік Жанысбай.