Экологиялық зерде туралы

Біз зердесінен ажыраған, ал дәлірек айтсақ, зердесі отаршыл мемлекеттердің идеологиясының қалауынша түрленген, қиылған, қайта пішілген, көбінекей фальсификацияланған халық болып келдік. Нәтижесінде өнер-білімімізге, тіліміз бен ділімізге орасан кесел істелді. Осы сезім бізді адамның өз тағдыры мен өмірі, гуманизм және парасаттылық, төл біліміміз бен тарихымыз туралы толғануға мәжбүр етті. Олай болса жоғалтқанымызды табу, өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жағу ұлттық түлеуіміздің бастамасы болмақ. Бұл тұрғыда жоғарғы оқу орындарында (әсіресе ілімді гуманизациялау және гуманитарландыру туралы) көптеген бағдарламалар құрылғандығына қарамастан халқымыздың ғылыми саладағы менталитетін орнына келтіруде табыстарымыз шамалы. Бұл әрине ең алдымен елдің зиялылары санатындағы мұғалімдердің, тіпті қалам ұстау кәсібіндегі барлық ағайынға қатысты сөз. Әңгіме ұлтымыздың экологиялық зердесін тәрбиелеуде айрықша «Дала уалаяты» газетінде» бұдан жүз жыл бүрын (1892, №29, 31-32, 34- 40) жарияланған «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз» атты хикая туралы болмак. Мақала авторы – қазақ тарихындағы қайталанбас сом тұлға – Абай. Демек, Абай халқымыздың сөз өнерінің зергері ғана емес, қазақ топырағында экология аясында тұңғыш дабыл көтерген ғалым. Егер, ХІХ-ғасырдың басын табиғат қорғау туралы танымының қалыптасу тұсы десек, мақала авторының тек көзбен көріп, көңілге түйгенін ғана қорытындыламағандығының, оның батыс ғылымымен жақсы таныс болғанын аңғарамыз. Бұған дәлел ретінде хикаяда автор «Сонда Кебек көңілін көтеруге бүркіт алып шықты» дейді. «Далада аң аулап жүрсе де һеш аң жолықпады» дейді. «Сөйтіп отырып Матай тайпасы мекен ететін Хан тауына дейін барды» дейді. Яғни, автор сол кезде табиғатты қорғау жекелеген аңдар мен өсімдіктерді қорғау ұғымымен шектелгенін, табиғатты қорғау, көбінекей, биологиялық проблема – аңдардың таралуы мен өрбуі туралы түсінікпен шектелгенін айқын саралаған.

Хикаяда автор заман және экология, география мен тарих төңірегінде кеңес қозғайды. «Осы күнде қырда бұрынғыдай орманды, жақсы жерлер жоқ, тым болмаса жолаушы сапар шегіп талғанда тұра қалып көңіл көтергендей. Сондай жақсы еш нәрсе қалмаса да білініп тұр, бұрыңғы қалған сымтастардан, қорғандардан баяғыда бұл далаларда тұру жаман болмағандығы. Бұларды байқамаған адамдар біле қоя ма, һәм көңілдеріне ала ма?». Сонан соң автор «қазақтың кәрі шалдарының» өткен және осы заманға көзқарастарын сипаттай келе: «Бұрынғы заманда тауларда орман көп болып, ала жаздай тау-таудан өзен сулар тартылмайды екен» дейді… Орман-тоғайдың қырқылуы, от пен судың азаюы, жердің тозуы адамның табиғатқа кері әсерінің нәтижесі. Және бұл тоқтаған, тұйықталған процесс емес. Әлі жүріп жатыр… Енді жер азған, «қырда бұрынғыдай орманды, жақсы жерлер жоқ». «Бұрынғы өзен- бұлақтар тартылған соң бірдеме қылып құдық қазған болысады, көбінесе сулары ащы болады» дейді. Келтірілген деректердің автордың үлкен ойшыл, жай ғана ғұлама емес, европалық білімді игерген оқымысты екенін аңғарамыз. Әсіресе автордың қоршаған ортаның табиғи байлықтарының экономикалық, эстетикалық, тәрбиелік және ғылыми мәніне жіті қарайтындығына таң қаласың. Мақалада келтірілген деректер болашақ жастарымызға төл топырағымызда түлеген ғылыми, соны ойлардың бірегейімен танысу үшін ғана емес, осы деректер арқылы өз халқының ғылыми зерделерінің тамырларынан қорек алуына жетектейді деп сенемін.

«Сарыарқа самалы»,

Павлодар қаласы, 1992ж.

Профессор Н.Мырзаханов.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19