Заман сұранысына сай екен

Мектеп – білім анасы, барша жандардың өмір соқпағының қайнар бұлағы. Еліміздегі мыңдаған мектептердің ішінде мен үшін бірегейі Қарқаралы қаласындағы академик О.Жәутіков атындағы №1 қазақ орта мектебінің құрылғанына биыл 70 жыл толыпты. Мерейлі тойға қатысып, қуанып, жаңғырып, қасиетті мектеп-анама тәу етіп қайтым. Мұғалімдер мен шәкірттерге рахметімді айтып, ұлы ұстаздарым Сара, Мәдиша апайларды, Мағауия ағайды көрдім. Құшақтадым. Мені бауырларына қысты. Әзиз жандардың көі бақилық болыпты.

Қазақ қашанда бас қосу, той-мерекені «ырду-дырду» үшін жасамаған. Мұндай жиындарды өмір университеті, кәдімгі халық академиясы деп қараған. Содан болса керек, «той десе, қу бас домалайды» деген сөз қалыпты. Біздің той да осындай университет болды. Жалпы адам тұғыры биологиялық және әлеуметтік болмыстар қосылысы екендігі ақиқат. Алғашқысы баршаға аян – құдайдың іс-шарасы. Ал кейінгісі болса, ол – адамдарды адамдық түғырға көтеретін баспалдақ, тетік. Оның қалыптасу негізінде ой, ақыл мен сезім жарасымдығы жатыр. Осы орайда көптен толғандырып жүрген жайттардың түйінін танқандай болдым. Ол түйін: ой-кеніш, ақыл-айшық, сезім-жанашырың деген философиялык тоқтамдар еді. Әлбетге, ой түбіне жету қиын, ол – тұңғиық кеніш. О иды саналандырып бағыттайтын, яғни қолданбалы дәрежеге жеткізетін ақыл. Демек, ақыл-ойды айшықтайды. Ал сезімде (бұл жерде жоғарғы интеллектуалды сезім) адамның өзіне де, өзгеге де жаны ашып тұратындығы белгілі. Ондай адам қателікті де аз жасаса керек. Олай болса, менің мектебімде осының үшеуі де бар көрінеді. Тіпті, ол мейірбан жан, мектеп директоры Гулнария Әннесқызының дарынды еңбегімен одан да жоғарғы дәрежеге – ұжымдық ой, ұжымдық ақыл, ұжымдық сезім деңгейіне дейін көтерген екен. Мұны мен үлкендердің (ұстаздар) – қазына, ортаншылардың – ер, ал кішкенелердің  мұрындық болғандығынан байқадым. Мен ұлағатты ұстаздардың буынын, кәсіп пен нәсіп жалғастығының әдемі үйлесімі деп ұқтым. Демек, бұл ұйым «Алдыңдағы ағаңның өкшесін баспа – ізін қу, артыңдағы ініңнің бетінен қақпа, белін бу» деген нақылдың шынайы тереңдігіне жеткен. Ұжым қызметінде адамның әлеуметтік тұғырының үш тірегінің бірдей бой көтеруі барлық ұстаздардың, әсіресе, шәкірттердің саналы талпыныс, еркін қимыл, сұлу әрекеттерінен өте ерекше байқалды. Оған куә ретінде екі жарым сағаттан асқан уақытқа созылған көркем-әдеби, сауықты-сайранды той концертін айтса да болады. Мұнда жоғарыда айтылған толғаныстардың барлығы да мәресіне жетті. Осыларды көріп менің мектебімнің ер жету үрдісінің заманымыздың соңғы сұраныстарына сай екендігіне тәнті болдым. Тәубемді айтып, ұзақ жасағай қасиетті қарашаңырақ, Қарқаралы өңірінің арайлы таңдарының болашақ күрескерлерін тәрбиелейтіндігіне кәміл сенемін. Қоштасып бара жатып рахмет, тағы да рахмет деп шықтым.

Міне, қадірменді оқырман, тойдан кейінгі ойдың толғағы осы еді.

Профессор Н.Мырзаханов.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19