Білімдіден шыққан сөз,
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын көруге,
Көкірегінде болсын көз.
Абай
Ғасырлар аралығын алып жатқан көпшенділер мәденитінің тарихында, Ұлы Дала тудырған даналар, құдайға шіүкір, баршылық. Сондай даналардың, Абайша айтқанда «Әрбір ғалым хакім емес, әрбір хакім – ғалым” дейтін тұлғалар қатарында Шәкәрім бабамыздың ерекше орын алатындығы мойындалған ақиқат. Әлбетте, қоғамымыздың, мемлекетіміздің бүгінгідей қайта өрлеу кезеңінде туындап отырған рухани құбылысқа өз дүниетанымыз және оны жасаушылар туралы еркін және жаңаша ойлау үрдістерін жатқызуға болады. Бұл үрдіс жаңа заман зерттеушілеріне жаңа парадигма, атап айтқанда – ғылым барлық адамзатқа, соньщ ішінде біздің қазаққа да ортақ деген пікір қалыптастыруды талап етеді. Алайда, біз қасіретті бодандылық жылдарында, бар болу мен жоқ болудың арасында алмағайып күй кешіп жүрген кездерде қалыптасқан, жаратылыстық ғылымдар тек Европада соңғы ғасырда ғана туды деген схемада шектеліп келігенімізді мойындау қажет. Сондықтан да біз ұлтымыздың тарихында елеулі орын алып, өркендеп қана қоймай, көрші елдер мен ұлыстардың дамуына да үлкен әсер еткен халқымыздың тіл, мәдениет, тарих, философия, психологня, астрономия, этнография, метерология, әскери ғылым, этика, эстетика тағы басқа дүниетанымдық жауқарларымызды зерделей алмадық. Бүгінде дала ғұламаларының қазыналары азат рухты ұрпақтарының қолына тиді. Бір ғана Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы Орталық ғылыми кітапханасының қорында 20 мыңдай қолжазба бер екен. Түркі тілінде жазылған байырғы, орта ғасырлық пен жаңа замандағы мұраларды бұл күнде дүниежүзінің мұрағаттары мен мұражайларынан (Лондон, Каир, Дрезден, Ватикан, Венеция, Армения, Санктъ-Петербург, Ташкент, Қазан) кездестіруге болады (Ақселеу Сейдімбек). Қазіргі уақыттағы өз көне бастауларымызға деген қызығушылық «өшкеннің жанып, өлгеннің тірілетін» сәттерінің саналы бастамасы іспетті. Шындығында заман біздерді ғажайып жаңалықтармен таң қалдыруда. Мысалы, қазақ даласында өмір сүрген шипагер Бабамыз баланың шешек іріңін алып, тананың шап терісін тіліп, қан шыққан соң жағады. Бір жұмадан соң, ол жер жұдырықтай болып томпияды. Томпақты жарып, қамсек қурай қуысымен бүйрек қабына құйып, күн тимейтін салқын орынға қойып, ағашты қаламдай үшкірлеп, шешек баланың білегіне жағып, жаққан жерді инемен сызып қойса болғаны сәби шешек ауруымен сырқаттанбайтынын дәлелдеген (Өтейбойдақ Тілеуқабыл «Шипагерлік баян», 2001). Бұл оқиға ағылшын шипагері, қазіргі медицина ғылымының атасы Э.Женнер, осы нәтижеге 1796 жылы қол жеткізгеннен 350 жыл бұрын болған. Бұл әрине ғылыми танымдар мен білімнің қазақ топырағында даму мерзімінің тарихи қойнауларының тереңінде жатқандығының дәлелі болып табылса керек. Жалпы айтқанда, қазақтың ойшыл-даналары бір сыдырғы емес, өмірдің барша жайына қырағы, сегіз қырлы, заманының ақыл-ой білімінен, өз дәуірі ғылымдарының қоғамдық және жаратылыстанымдық, барша салаларнан хабардар болып келеді.
Осындай сегіз қырлы – шежіре, шешен, акын, философ және табиғаттанушы тұлғалардың бірегейіне Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыздың болмысы куә.
Шәкәрім әлемінің ой-толғамдарының негізгі өзегі адамзат қоғамымен қоса жасап келе жатқан классикалық үштіктік: адам – қоғам – табиғат – үйлесімі. Ол тіршілік тұғыры осы үштік арасындағы араласым, сыйласым, жарасым, сәйкесім және ұштасымдықтардың біртұтастығымен қайталанатындығына кәміл сенеді. Мұны біз төмендегідей өлең жолдарынан байқаймыз:
Кетті, келді,
Толды, семді,
Өзгеленді бұл ғалам.
Туды, өлді,
Жанды, сөнді,
Өршіп енді қайтадан.
Дөңгелеткен,
Өңгелеткен,
Түк білімсіз күш пе екен?
Тіпті мінсіз,
Кемшіліксіз,
Есті қылған іс пе екен?
Жан деген не,
Мүлде өле ме,
Шын жогалып сөне ме?
Дене жөндеп,
Жоғары өрлеп,
Тағы мен деп келе ме?
Көріп отырсыздар, ол өмірді материалдық қозғалыстың бірлігі, толассыз, бір-біріне орын беріп, бір-біріне алмасып отыратын заттық және рухани құбылыстардың дамуы ретінде қарастырады. Осы ойды автор келесі бір өлеңінде:
Шымды жерде көресіз қара топырақ,
Шіріген шөп, тозаңнан болған құрақ.
Егер оған дым тиіп, күн жылытса,
Жан кіріп, шөп шығады, гүл жапырақ.
Өлген шөптіц гүлі еді тозған тозаң,
Онан тағы не шықты басқа бірақ.
Әлемде жоғалатын ешбір зат жоқ,
Өзгеріп түрленеді, ойла, шырақ,
-деп дамытады. Ақын былайша айтқанда, даму қарама-қарсылықтардың бірлік, ескі мен жаңаның алмасуы деп біледі. Табиғат тіршілігін бұлайша түсіндіру ғылым дүниесінде Фридрих Энгельстің «Анти-Дюринг» (1870) еңбегінен бастау алатын материалистік үрдіс екендігі белгілі.
Шындығына келгенде ақын, өз алдына толық, ғылыми нанымы, қолданбалы дарыны бар жаратылыстанымдық жүйе пайымдайды. Оны біз автордың:
Жаратылыс басы – қозғалыс,
Қозғауға керек қолғабыс.
Жан де, мейлің, бірмән де,
Сол қуатпен бол таныс,
Әлемді сол мән жаратқан.
Қозғалмаса көшпейді,
Көшпеген нәрсе өспейді.
Өспеген нәрсе өзгермес,
Түрден ол түрге түспейді,
Қозғалыс түрлер таратқан,
-деген өлең жолдарынан аңғарамыз. Ой мәйегінің тереңдігін біз осы өлең жолдарында қалыптасатын философиялық категориялардың – жаратылыс, қозғалыс, колғабыс (себеп), жан, мән, қуат, көшу (ауысу), көшпеу (ауыспау) молдығы мен үш тағанды үйлесімдер жарасымдылығынан байқаймыз және таң қаламыз.
Шәкәрімнің жаратылыстанымдық көзқарастарының енді бір қыры тіршілік әлемінің даму қатынастарына диалектикалық, тарихи-философиялық тұрғыдан үңілу десе болар. Мысалы, ол:
Жарықтан бізді бу қылған,
Құбылтып буды су қылған,
Суынан топырақ қатырып
Топырақтар жасыл туғызған,
-деген жолдардан қазір өзіміз басшылыққа алып жүрген тіршіліктің эволюциялық даму теориясы концепциясының сүлбесін көретініміз ақиқат.
Шәкәрімнің жаратылыстану әлемінің шыңы адам тұлғасының өзін-өзі тану және сол арқылы қоршаған орта (табиғат және әлеуметтік) мүмкіндігінің алғышарттарын, біздіңше айтқанда психофизиологиялық негізіне назар аударуы болып табылады. Ол «Анық пен танық» өлеңінде:
Тән сезіп, құлақ естіп, көзбен көрмек,
Мұрын иіс, тіл дәмнен хабар бермек,
Бесеуінен мидағы ой хабар алып
Жақсы, жаман әр істі сол тексермек,
– дейді. Бұл тұжырым ақын өмір сүрген заманда аса соны, көбінекей ғылыми ортаның өзінде айрықша зерделенбеген жаңалық болатын. Ол өзінен бұрын (Рене Декарт, Иржи Прохаска) және өзімен қатар өмір сүрген (Иван Сеченов, Иван Павлов) ғалымдардың концептуалдық ұстанымдарымен парапар көрегендікпен жоғарғы ми жүйесіне тән рефлекторлық пайымдау теориясының барлық қыр-сырын қарапайым, әрі дәйекті дәлдікпен айтып берген. Шындығында қазіргі жаратылыстану ғылымының үлкен бір саласы физиология ілімінің Шәкәрім айтып отырған дене мүшелерінің сыртқы орта туралы объективті ақпараттарды қабылдайтын дәйектеушілер екендігін, ал мидың қабылданған ақпараттарды сараптап, үйлестіріп және соған байланысты адамдардың іс-әрекеттерін ұйымдастыратын орталық екендігін дәлелдеп отыр. Бір ғажабы рефлекстердің танымдық мәні миға келетін ақпараттардың өте көптігіне қарамай, жоғарыдағы дене мүшелерінің мида қалыптастыратын бағдарламасына байланысты анықталатыны (Петр Анохин, 1962) және адам мен жануарлардың тіршілігі мен танымын үйлестіруде ми әрекеттерінің әмбебап физиологиялық механизм екендігі анықталып отыр. ІІІәкәрім бұл үйлесімді:
Жан мен дене қосылған ерлі-қатын,
Екеуінен туады көңіліміз,
– деп пайымдайды. Яғни, тіршілік немесе танымдық бейімделіс жан мен тәнге жағымды әрекеттер қосылысының негізінде әшкереленетіндігін (көңілденетінін) меңзейді.
Қорыта айтқанда, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні Шәкәрімнің жаратылыстанымдық көзқарастары адам туралы дамып отырған және дамитын ғылымдардың ішкі болмысын қалыптастыруда күннен-күнге құндылығы арта беретін гносеологиялық қағидалар негізі бола беретіндігін айту абзал. Мұның өзі кез-келген жаңаның түбінің көне танымдық қисынмен тығыз байланысты екендігін көрсетеді және ежелгі гректердің «өзіңді-өзің таны» деп тасқа ойьш қалдырған өсиетінің бүгінгі күнде де жеделғабыл қажеттілік екендігін мойындатады.
Профессор Н.Мырзаханов.