Газетіміздің өткен сандарында (09.12.04ж., 03.03.05ж.) біз экологиялық имандылық жайында ой қозғаған едік. Бұл сұхбаттағы әңгімеміз мәдениеттілік жайында болмақ. Адамзат мәдениетінің негізгі мұраты өз мүмкіндігі жеткенше өзінен тысқары ұлан-ғайыр кеңістік әлемінің (биосфераның) қилы құбылысын қазқалпында тану қасиеті арқылы орындалса керек. Жалпы таным мәдениетінің мәнісі өзіңді-өзің тану, талпынысу арқылы әлемдік үндестіктің үйлесімімен қауышу. Бұл туралы ежелгі гректер «өзіңді-өзің таны» деп тасқа ойып өсиет қалдырған екен. Мұны әлбетте тек өзіңмен-өзің шектелу деп түсінбей, шын мағынасында қолтумалық өнерімен, зердесімен (бұл орайда экологиялық зердесімен) өзі өсіп-өнген әлем ғаламатын егжей-тегжейлі танып, сыр-сипатын ұғынуға, тіршілік тізбегіндегі жалпы адам орнын, тылсым табиғатын жан-жақты сезінуге құлшыну деп ұқса абзал.

Адам деген асқаралы ұғымныц өзі осы негізде түзілген мәдениет туындысы. Адамзат қауымының ғасырлар бойғы тарихы имандылықтың, әдет-ғұрыптар ғибратының, салт-дәстүрлердің сан қилы үлгілерін қалдырғаны  баршамызға мәлім. Бұған дәлел ретінде өткен ғасырдағы ірі тұлғалардың бірі, Орта Азияда өмір сүрген неміс тюркологі В.Радловтың қазақтың көшпелі қоғамының мәдениеті жөніндегі ойларын айтсақ та жеткілікті. Ол: «Біз бұл жерде (Орта Азияда, Н.Мырзаханов) отырықшы халықтардың мәдениетіне парапар қарсы тұрған өркениеттің сайысымен істес болып отырмыз. Қазақ қоғамындағы үстемдік құрып отырған анархия емес, тек өзіне ғана тән, біздікінен өзгеше және барынша өзінше реттелген мәдени қатынастар», – деп жазды. Өкінішке қарай, тарихымыздың соңғы сергелдеңдері мен бодандық саясат жалпы ұлттық тоғышарлыққа душар етіп, халқымыздың қорытқан даналық қағидаларын (ерекше қазына-байлығын) өз тәжірибеміздің ізгілік игілігі ретінде сіңіре алмай жатқандығымыз өкінішті-ақ.

Экологиялық зердеміздің тұманданып, экологиялық мәдениетіміздің ойсырауының айғағы ретінде бүгінгі таңда адамдардың төл табиғатқа деген антропологиялық қысасы. Осы ұғымның біз куәсі екенімізді мойындауымыз керек. Не деген анайылық! Өйткені әлемде табиғатқа қасқырдың, аюдың, пілдің, қойдың, шошқаның, т. б. үлкенді-кішілі тіршілік иелерінің қысасы бар деген ұғым бар ма? Жоқ. Болмақ та емес. Себебі олар тәңірінің жаратқаны, табиғатының төлі екендігін әркез мойындаймыз. Біз «Биосфераның ұлы зандылығымен» ғана табиғатты тонауды – ырысқа, басшы болуды – атқамінерлікке балап, арам шөбін – ата табиғатына, данасын – алаяғына балап, тіршілік жұрағаты құқында ғұмыр кешкен болып келеміз. Демек, азаматтарымыз адаматқа (кентавр, Қ.Мырзалиев) айналған рухани мүгедектер қатарының көбейіп жатқандығы ойландырады.

Экологиялық имандылық тәрбиесі, экологиялық мәдениет үрдісі (оның  өзі де тек өзімізге ғана тән) қолға алынбаса көксеген көп армандарымыз сағым – елес болатындығын ескерген абзал. Сонау антик заманы философиясының өзі адамдар әрекеті мен ғибраттылық (экологиялық мәдениет соның бір парағы) мінездемелері ар өлшемінің межесі, жерұйықтың негізі екендігін ескерген. Бұл тұрғыда экологиялық мәдениеттің тамыры тарихи моральдан да тереңірек жатыр. Табалдырығымызды XXI ғасыр аттағанын ескерсек, экологиялық есіміздіц жаңғырмауын, жараспауын ұлттық дағдарыс деп қарастырса жөн болады.

«Тарихи зерделілік» – әрбір жеке адамға, тұтас ұрпаққа байланысты, әрбір адамның, ұрпақтың тарихты сезінуі, өзінің шыққан тегін, өлкесін, халқын, нәсілін, жалпы адамзаттың тегін, оның рухани түп-тамырларын, өткендегі тарихи жолын білуге ұмтылып, сана сезімінің оянуы. Бұл өскендіктің, рухани мәдениетінің жоғарғы сатыға көтерілу белгісі. Ал оған қарама-қарсы ұғым «мәңгүрттік», – деп жазады А.Қасымжанов. Осы айтылған пікірдің экологиялық зердеге, мәдениетімізге де ортақ екендігіне шүбә  келтіруге болмайды және бұл пікір адам баласының әрекеті, тағдыры және оның қоғам мен табиғат алдындағы ролін көрсететін өмірлік философия.

Адам табиғатының (оның ішкі дүниесінің) бәрі туған топырақта екендігі белгілі. Кейде мен пенде өмірінің таусылар сәтінде туған топырағына оралуын, армандауын (тәңірінен сұрауын) табиғат-ананың алдында таза болуына ұмтылуы, өз аманатын өзіне аманат етуі ме деп те ойлаймын. Және бұл рухтар жалғасының қайнары, экологиялық мәдениеттің генетикалық қоры болса керек. Иә, адам деген асқаралы ұғымның өзі мәдениет туындысы.