Газетіміздің өткен сандарында (09.12.04ж., 03.03.05ж., 26.05.05ж., 04.06.05ж., 14.07.05ж., 06.08.05ж.) біз экологиялық имандылық хақында сөз қозғаған едік. Түсінікті болу үшін экологиялық имандылық ұғымын құрайтын арналарды толық бере кетуді жөн көрдім. Олар – инабаттылық, мәдениеттілік, адалдық, нысаптылық (қанағаттылық), даналық (білімділік), ынтызарлық, лепірмеушілік, ықыластылық жәнс қайраттылық. Бәрінің бас әріптерін қосқанда имандылық деген сөз түзіліеді.
Бұл сұхбаттағы әңгімеміз ынтызарлық жайында өрбімек. ЬІнтызарлық – табиғатты тек қана қажеттілікті өтеу көзі емес, ол сенің ата-қонысың, аңсап сағынатын, еркелеп назданатын ортаң екенін есте ұстау. Адам баласының табиғатқа қатынасы қашанда әдемілік негізін қалаған. Алайда адамдар мен табиғат арасындағы сұлулық жарасымдылығы шынайы үйлесімдік пен үндестік негізінде бейнеленген табиғи-әлеуметтік құбылыс болғандықтан табиғатқа тән ақиқаттық (объективтік) қасиеттер мен сол ортада өмір сүретін адамдардың жеке (интимді субъективтік) қасиеттерінің қауышуынан туындайтын гармониялық түйсіктердің саналы нәтижссі болып табылады да, адам рухы мен табиғи рухының синтезіне айналады. Адам бір кез табиғат сұлулығына тамсанса, бір сәт өзін табиғаттың төл баласындай сезініп, еркелейді, назданады, ренжиді, жалбарынады, дұқ көрсетеді және бұл әсерлердің мазмұны тек қана мәңгілік біртұтастықпен қауышу негізінде ғана толассыз жалғасады да, жан иесінің белгілі бір дәрежеде жаратылыс жұрағаты екенін сезінуге мүмкіндік береді. Демек бұл сезім адам бақытының қазығы, әлемдік (бионоосфералық) махаббаттың нұрына бөлейтін зікір-гимні, адам болмысының шүкір-қанағаты және пікір-сана адалдығы мекендейтін тұғыр-ойкуменасын қалыптастырып, адам деген асқаралы ұғымның туына айналатыны, айналуы қажет екендігі акиқат-шындық, ақиқат- болмыс, ақиқат-сұраныс және ақиқат-қажеттілік болып табылады. Демек ғылым шындығының адам санасындағы тұнықтығын сақтауда адамзаттың тындырған ісінің қорытындысына ынтызарлықпен, поэзиялық көзбен қарау тегіннен-тегін емес.
Меніңше табиғи жүйеде «ақырзаман» бола қалса, ол тек адамзаттың тұрған табиғатына ынтызарлығы, ғашықтығы мен сүйіспеншілігі өлген күні ғана орнайды. Табиғат болмысымен адам баласының рухани көңіл-күйін Сәкен Сейфуллин өзінің «Сұлу терек» деген өлеңінде:
Сұлуым! Келші маған басыңды иіп,
Енгізші құшағыңа беттен сүйіп.
Оралып мойыныма жапырақтарың,
Желбіреп жібектей боп тұрсың тиіп. –
десе, Мұқағали Мақатаев:
Аһ, далам, айхай далам, сағым далам,
Бір бұдыр жоқ-ау көзге шалынбаған.
Бір ғаламат бойыңда, сабыр бар-ау,
Құлап аспан кетсе де тарылмаған.
Боз далам, күрең далам, жасыл далам,
Кісі емес саған келіп бас ұрмаған.
Құныға құмарым бір қанбай қойды-ау,
Қалай ғана құшармын, ғашық далам.
Құшақтап шығармаспын деген едім,
Дәрменсіз ғып жараттың неге мені?!
Өзіңдей алып болып тумаған соң,
Адам болып жүрудің не керегі….
Сонда да сүйіп өтем, сүйіп өтем,
Сүйе тұра құша алмау- күйік екен.
Алыптан алып болып тумаған соң,
Адам болып жүру де қиын екен… –
деп қайта құрылады, жаңғырады.
Міне, мәңгі тіршіліктің бір арнасы – ынтызарлық гимнінің пафосы деген осы болар!