Ой болмысының даму үрдістерін зерттейтін ғалымдар арасында тарихи тұлғалардың творчестволық өрісін салыстыра қарастыру бірыңғай орын алады. Мұндай тәсілдің өзіндік мәні бар екендігі ақиқат. Өйткені ой әлемі бір ғана дәуір емес, дәуірлер куәгерлерінің ізденіс рухнамасының тарихи суреттері екендігі ақиқат. Мұның өзін ой мәдениеті мен оны игеруші адамдардың жанды жалғастығы десе болады. Мұсылман, оның ішінде қазақ ой әлемінің автохрондығы мен генетикалық құрмаластығы дәлелденген ақиқат. Оны біз заттық және рухтық жәдігерлердің гносеологиялық тұғырларынан да көретіндеріміз айқын. Өмірді, жалпылама алғанда табиғатты, өзңді-өзің танудағы көзқарастар мен гипотезалардың әралуандылығына қарамастан Тұран жұртшылығының таным ұстанымы мен таным көрегендігінде жалпыұлттық ой-ұяның барлығы күмән тудырмайды. Бұл туралы С.В.Киселев: «Батыстағы Скифтер, Поволжье мен Оңтүстік Орал аймағының Савроматтары, Орта Азияның Сагеттері мен Сақтар әлемі, Саян-Алтайдың диллин-майэмирлері мен тагар тайпалары, Байкал маңы, Монголия мен Ордостың халықтары бірыңғай қару-жарақ, ат әбзелдері, ұқсас сәндік бұйымдар және өнердегі ортақ образдар мен әуендерге бой ұрады. Олардың жергілікті айырмашылықтары эллиндік, малаазийлық, ирандық, қытайлық ықпалдар мен қоғамдық даму деңгейінің әсеріне байланысты. Алайда, бұл олардың мәдени байланыстарының жақындықтарын төмендете алмады. Ұлы Дала белдеуі сол кездің өзінде Шығыс Еуропа мен Солтүстік Азия аймағындағы идеялар мен тағдырларды жалғады», – деп жазды. Сонымен қатар, эпос, фольклор, ән, әуен, би, қолданбалы қолөнері, сурет, қазақтың архитектуралық ескерткіштері – баршасы қазақтардың кеңістік пен уақытқа байланысты ойлау жүйесінің үнемі қозғалыста, өрбуде, әлбетте генетикалық жалғастықта болып келгендігін көрсетеді. Олай болса, ой қозғалысы – өмір логикасы, қазақ өнері поэтикасының әлемді танудағы қозғаушы күші болғандығы ақиқат. Мұны біз ой эволюциясының жалпытарихтық қағидасы десек те болады.

Шәкәрім Құдайбердиев мұрасын зерттегенде біз оның әлемтанымдық, жаратылыстанымдық тылсымының көне тарихи зерделерден бастау алатындығын ескеруіміз қажет. Бұл оның жеке басының сана-сезім мәдениетін көтерумен қатар, замандастары мен ізбасарларының тарихи зердесін қалытастыруға да ұмтылғандығының дәлелі болып табылады. Демек, Шәкәрімнің танымдық бастаулары өз төл дүниетанымына қандай зерек болса, жалпыадамзаттың ұқсас ой жүйелеріне де қанықты болғанына тікелей байланысты. Бұған дәлел ретінде оның бірнеше тәсілдері: араб, түрік, парсы, орыс тілдерін меңгеріп, әлемдік руханияг қорына еркін бойлай, сол тілдердегі кейбір шығармаларды қазақ тіліне аударғандығын айтсақ та жеткілікті.

Шәкәрімнің өмір жолының өз шығармаларында, әсіресе «Мұтылғанның өмірі» деген поэмасында бірегей айтылғандығы белгілі. Алайда, оның танымдық пәлсафасының өрісін негіздеу автордың ізденушілік аясын кеңірек қарауды қажет ететіндігін аңғартады Осы орайда 1905-1906 жылғы Шәкәрім қажылығының бір жағы мұсылмашылық парыз болса, екінші жағы – өмір логикасының философиялық қырларына – дүниеге, өмірге, табиғатқа, қоғамдық құбылыстар мен көзқарастар әлеміне де «қажылық» деп ұққап абзал.

Шәкәрімнің Қожа Ахмет Ясауиға қарым-қатынасының төркіні адам баласының өз жүрегіндегі ар-ұят аталатын әлемдік жарасым әміршісі – Аллаға деген сенімде жатса керек. Мұны біз ақынның:

Ар түзейтін бір ғылым табылмаса,

Зұлымдықты жалғанда әділ жеңбес…

Бөлектігі адамның таза ақылда,

Әлің жетсе, жол тап та, осыны емдес!, –

деген өлең жолдарынан көреміз. Ой ұшығы тек қана уағыз емес, ақынның болашақ ізденістерінің кредосы деп қабылдаса да болады. Ал Қ.А.Ясауи болса, осы ойды:

Алла деп алып білім, тәлім көрдім,

Анадан қайта туған сәби болдым.

Арылып күнәсінен фәни жолдың,

Адалдық мақамына қайттім міне, –

деп өрнектейді (1-хикмет).

Ой ортақ. Алайда Шәкәрім тағылымы ішкі сезім, ішкі қажеттіліктен өрбісе, Қ.А.Ясауи толғаныстарының тобақазық идеясы көбінекей Аллаға деген сенімге бой ұрады, яғни оның өз сөзімен айтсақ:

Бір Құдайдың жеткізген сөз бұл даусын,

Білгендерге шапағатты нұр жаусын! – 

деген идеясына саяды. Демек, ой ортақ, танымдық ізденіс бір болғанмен, әрекеттік ізденіс жолы әрбасқа. Қ.А.Ясауидің барлық арман-тілектері қабыл  алушы Алла тағаланың мейіріміне мінәжат болса, Шәкәрім идеялары әлемді игеруге, соны игеру үстінде ішкі нұрға бөленуге және осылардың негізгі арқауы Ар ілімі мен Ақылда екендігіне бой ұрады.

Мысал ретіне төмендегі ой иірімдерді ұсынсақ та жеткілікті.

Қ.А.Ясауи:

Мінәжат қылды міскін Қожа Ахмет,

Иә, Алла, бар пендені рақыт ет,

немесе:

Машхарда Алла ондай құлын сүйгейді,

Қиямет күн асыл жандар күймейді,

яғни:

Сол ғылымға құрбандық қыл жаныңды,

Силар едім бүкіл дүние малымды,

тағы да:

Хикметім «Несіп Алла» деген сөз,

Таңсәріде «Кешір, Алла» деген сөз,

немесе:

Ұлағаты бұл ұлық текті ұлының,

Дерт дауасы Хақтың ғашық құлының, –

десе Шәкәрім:

Бастағы көз, құлаққа сенімім жоқ,

Терең ой мен ақылға айтамын дат.

Пайғамбар, әулие айтты десе-дағы,

Ақыл қабыл алмаса, ол маған жат,

немесе:

Жұқпайды екен айтқан сөз,

Ғылымы жоқ наданға.

Кеудесінде болса көз,

Жұғар сондай адамға.

Ондай адам қазақтан

Көп туса осы заманға,

Босар еді азаптан

Қазақ шығып самалға, 

тағы да:

Білімдіге білімсіз бағынбай ма?

Іздесе, пендеге жол табылмай ма?

Ақты қойып, адамды әдет етсек,

Денеміз дозаққа өзі жағылмай ма?,

немесе:

Ноқтасыз оймен тексердім,

Бояулы діннен сескендім.

Дін шатағын көп көрдім,

Қатесін сынап тергенде,

тағы да:

Отыз жылдан жиғаным,

Сау ақыл менің иманым,

Аламын соған сиғанын,

Мейлің күл, мейлің намыстан, –

деп тоқталады.

Адамзат көшінің өн бойында сирек кездесетін екі Алыптың ой-маржандарының Қ.А.Ясауиға қарасты тұсын сопылық классикалық әдебиетте бірінші сүю деп аталатындығы белгілі. Шәкәрімге байланысты осы ойды жан мен тәннің бірлестігі мен бірегейлігінің арасындағы мораль философиясының бастау көздері деп қарастырған абзал. Бұл жер мен көк, дене мен жан, бар мен жоқ болмыстарының тұтастығын іздеу жолындағы талпыныс, жоғарыда ескерткеніміздей әлем құпияларының тұңғиығына бастайтын жаңа «қажылық» санаты.

Ұлылардың ізденіс баспалдақтарының ұқсастығы мен ерекшелігі ғажайып сүйіспеншілікке бөлейді және, сонымен қатар, даму үрдісінің моральдық философиясының шынайылығының табысы мен жеңілісінің мехнатын баян ететінін айту абзал.

Мысалы, Қ.А.Ясауи хикметтеріндегі:

Тоғыз ай, тоғыз күнде түстім жерге,

Тұра алмай тоғыз сағат, ұштым демде,

Төрт жаста Хақ Мұстафа құрма берді,

Көрсеттім адамдарға тура жолды,

яғни:

Бес жаста шариғатты зәуде білдім,

Дін жақтан, ораза ұстап, сәуле міндім,

тағы да:

Алтыда пәни деген кәрі шалдың,

Бетімді пендесінен әрі салдым,…

Он жаста ұлан едің, Құл Ахмет,

Қожалық мұнара соқтың мұрат үдеп, –

десе, Шәкәрім «Мұтылғанның өмірі» деген өлеңінде: 

«Бесімде оқу білсін деп,

Ата-анам берді сабаққа,

немесе:

Жиырмаға өткенде,

Аз ғана ғылым оқыдым.

Алғызып кітап шеттен де,

Көңілге біраз тоқыдым,

яғни:

Жиырма мен қырық арасы –

Жас өмірдің сарасы.

Бос өткенін қарашы

Жүрекке төгіп қанды ірің,

тағы да:

Қырықтан аса бергенде,

Ақылым қылды шерменде:

«Дінім қалай, жаным не,

Жоғалам ба өлгенде?»,

немесе:

Қырықтан соңғы қырымды,

Сынамақ болсаң түрімді,

Көрейін десең нұрымды,

Жи-дағы оқы жырымды, –

деп назданады, қобалжиды, үміттенеді және үміттендіреді.

Жоғарыдағы мысалдар Қ.А.Ясауи мен Шәкәрім арасындағы бітім ерекшеліктері, мұрат-мақсұты, ақыл-ой тереңдігі мен толғаныстар сопылық заманнан Абай шығармашылығындағы «Толық адам» концепциясы аралығындағы тіршіліктің моральдық пәлсафасының даму қырларын қамтиды.

Қорыта айтқанда, Шәкәрім тұлғасы адамзат ой-өрісінің балалық шағы мен үйлесімді ойлау болашағының арасындағы алтын көпір екендігі ақиқат.

Профессор Н.Мырзаханов.

ӘДЕБИЕТТЕР:

1. Ж.Баласағұн. Құтты білік. – Алматы. – Жазушы, 1986.

2. Ш.Кұдайбердиев. Шыгармалары. – Алматы. – Жазушы, 1988.

3. Қ.А.Ясауи. Хикметтер. – Алматы, 1998.

4. Н.Мырзаханов. Өзіңді таны. – Қарағанды. – Санат, 2006.

5. Г.Бельгер. Гармония духа. – М. – Русская книга, 2003.

6. Ж.Д.Тьярд. Феномсен человека. – М. – Иностранная литература, 1998.