Қазіргі қайта құру, жариялылық, демократияны тереңдету дәуірі еліміздің экономикалық және рухани өмірінде зор серпіліс тудырып, жеке адамдардың ғана емес, тұтас ұлттардың да өткеніне үңіліп, бүгінгісін бажайлап, болашағын бағдарлауға жол ашты, – деп басталады республикалық «Қазақ тілі» қоғамының барша жұртшылыққа арналған Үндеуі.

Олай болса, осынау бір серпінді даму басталған шақта ой-сана қозғалысы айрықша беймаза күй кешеді, еш нәрсеге бейқам қарамауға, ұмтылыс жасауға шақырады. Осы орайда, бұдан жарты ғасырға жуық бұрын жазылған, үстіміздегі жылдың 16 декабрінде «Семей таңы» газетінде жарық көрген Бауыржан Момышұлының «Қазақ тілі туралы пікір» атты хаты қатты толғандырды.

Осы тұста Қасым Аманжоловтын төменгі жолдарына айрықша мән бергім келеді:

Таулар неткен тамаша!

Алыстан тұрып қарасаң.

Әттең, таулар бауырында,

Адамдар бар аласа.

Шынын айту керек, Баукең туралы өзім оқыған азды-көпті деректерден оның талантына жұрттың көбі бас игенін сезгенменен, оны «ҰЛЫ» деп ешкімнің танығанын аңғарған емеспін.

Иә, кешегі сталинизм принциптері дәуірлеп тұрған заманда ана тілін арына балап, жаны жаралана отырып жазған Баукең хаттарының әр жолы, әсіресе тарихи, ғылыми және саяси әділеттік деңгейінің дәйектеген тоғыз ұсынысының бүгінгі таңдағы республикалық «Қазақ тілі» қоғамының мақсаты мен жұмыс түрлерінің ережелерімен сәйкес келуін, ал кейбір тұрғыда ізетті, батылырақ және кең екендігін ұққанда пікірдің көрегендігіне, автордың ұлылығына бас имеске шараң қалмайды. Ол да алыстан қараған сайын шоқтығы биіктей беретін таулар сияқты. Ал адамдар аласалығына келетін болсақ, бүгінгі шындыққа, жөн сөзге, дұрыс қаулыларға әрекет лайық болса құба-құп. Бүкіл ел-жүрт болып ұмтылыс жасап жатқан жаңаша бетбұрысымыздың қадыр-қасиетіне келте әрекеттеріміз зиянын тигізбеуге тиіс.

«Білмеген айып емес, білгісі келмеген айып» дейді екен араб философтары. Олай болса, әркім өз жұмыс орнында, қызмет бабында тіл мәселесі туралы қаулыларда көтерілген жұмыс түрлерін іске асыруда бейжайлылыққа, немқұрайдылыққа жол бермесек қырық бес жыл ұмыт болған аға өсиетін, әлбетте, ел өсиетін күнделікті өмірде тікелей ұштастыруға көмектескен болар едік.

Осы орайда ой арнасын, өзім куәгер болып жүрген, біршама мәселелерге аударғым келеді. Облысымыздағы әр елді мекеннің (бұл жерде орысша аталатын мекенжайлардың) қазақша баламасы бар. Ат қоюдың да себебі бар. Бұл – ақиқат. «Сөз – ойдың айнасы» дейтін болсақ, әр атаудың тарихи, әлеуметтік, әлбетте, тәрбиелік мәні бар. Егер адам бойындағы қадірлі қасиеттердің табиғаттан және тәрбиеден екенін ескерсек, төңірегіңнің, ел-жұртыңның, тұрмыс- тіршілігіңнің көзінен қоректенудің ізетшілікке, аршылдыққа, елшілдіккс тағы басқа да толып жатқан айрықша, бөлінбес ерекшеліктерді саналауға тигізер пайдасы мол болса керек.

Тағы бір тілге тиек етер жай – қазақ тілін оқыту мәселесінің, тоқырау жылдарындағыдай, көзбояушылыққа ұшырап, баршаға дерлік мекемелерде етек жайып дами алмай аяқасты болып кетуінде. Осы орайда Баукең меңзеген белгілі айыпкерлерді тәртіпке шақыру жөн деген пікіргс толық қосылуға болар еді.

Республикамызда қазақ тілінің мемлекеттік статус алуына байланысты облысымыздың көптеген аудандарында (Абай, Шұбартау, Ақсуат т.б.) іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу туралы шаралар да толық іске аспай келеді. Тағы да бір мәселе, көптеген, тек қана қазақтар мекендейтін шаруашылықтарда, орыс тілінде көркемделген жоспар және оның орындалысын көрсететін хабарламалардың бой көрсетуі. Осы айтылғандар орынсыз және заңсыз, тілімізге деген ізет-ілтипаттың қалыптасуына көпе-көрнеу кедергі жасайтын жайттар.

Арнайы сөз болатын әңгіме ана тілінде жоғары дәрежелі мамандар даярлау. Осы тұрғыдағы қалалық оқу орындарында, әсіресе педагогикалық, малдәрігерлік-зоотехникалық институттарында ашылған бірлі-екілі қазақ топтары тіл туралы қаулы талабынан туындайтын мақсаттарға арналған шаралардан гөрі шарасыздықты танытады. Бұл арада біз барлық жоғарғы оқу орындарында қазақ тілі, әдебиеті және тарихы туралы сабақ оқыту туралы, кезінде Баукең ұсынған, «Қазақ тілі» қоғамы қолдаған жайттардың тың мәселесі екенін де жақсы үғамыз. Шындығында да біз, бүгінгі таңдағы қазақ интеллигенциясы, ұлтымыздың тілі мен ділінің тарихынан хабарымыз толық дей алмаймыз. Оған бір дәлел, баршамызға белгілі «Қобыланды батыр» жырын академик Әлкей Марғұлан VII-ғасырда туған десе, ұлы Мұхтар Әуезов ХІІІ-ғасырға апарса, Ілияс Жансүгіров XV-ғасырды меңзейді. Ал тарихымыздың мұнан да терец шиырынан мағлұматымыздың молдығына бас июдің реті келе қоймас.

Қазақ тілі туралы қаулы шығып, жер-жерде қоғамның бөлімшелері құрылып жатқан кездерде, Бауыржан Момышұлының хатының әсерімен азды-көпті пікірімді ортаға салдым.

Сұлтанмахмұт Торайғыровша айтқанда:

Сезімнің сыртқа шықпас түсі бар ма?

Оны жасырар адамның күші бар ма?

Біреу күй, біреу пішін, біреу сөзбен,

Көрсетпейтін жүректің ісі бар ма?

Иә, дәл осылай!

«Тіл мәселесі абзал аталар мен әжелер, ардақты ата-аналар, қымбатты шәкірттер, балабақша бапкерлері, қадірлі ұстаздар, зиялы қауым, ел ағалары, елден алыс, жұрттан жырақ жүрген қадірлі отандастар, Сіздердің қолдарыңызда» деп жариялады өз үндеуінде республикалық «Қазақ тілі» қоғамы. Олай болса осы жайттар әрқайсымыздың іс – жоспарларымыздың құрамды бөлігі болуға тиіс.

Нұркен Мырзаханов

Қазақ ССР Қой шаруашылығы ғылыми-

зерттеу технологиялық институты

6 қаңтар, 1990ж.