Қарқаралы қаласының 180 жылдығына орай Қарқаралының тумасы биология ғылымдарының докторы, профессор Нұркен Мырзаханұлының «Баян жүрек» және «Қазақстаным менің» атты еңбектері мұражай қорын толықтырды. Бұдан бұрын да мұражай қорына Нұркен аға «Ауыл шаруашылық негіздеріне арналған тәжірибс құралы», «Жалпы физиология», «Лимфа айналымы», «Лейкоциттер айналымы» атты төрт ғылыми еңбектерін Астана қаласынан келіп, мұражайға сыйға тарту еткен еді. Н.Мырзаханұлы №1 Қазақ орта мектебінің түлегі. Ой мәдениетінің озық үлгілерін, ақындық өнерін ол әрі ғалым, әрі ақын ретінде жуырда ғана өзінің 70-жылдық мерейтойын атап өткен мектебіне, еліне, жеріне, замандастарына патриоттық және нақыл-өсиет тақырыптарына арналған өлеңдері мен әндерін ұсынды (omyrsonar.org, to-hearts.org, ред.). Қарқаралыға деген жүрекжарды ықыласын, сағынышын «Қарқаралы» деп аталатын мына өлең шумақтарынан сездіріп отыр:
Қарқаралы – мекенім, қаным тамған,
Сөлім-сүлбем өзіңде жаратылған,
Құт-берекем, ырысым теріп жеген
Таусылмайтын кенішсің, дара туған.
Сенің далаң қиялға жетелеген,
Өзен-көлің тәніме жасаған ем,
Таңғажайып ертегі табиғатың
Ақыл, паңдық, салдықты еселеген.
Қарқаралы өн бойың тұрған дәріс,
Жақсылар мен жайсаңға болған өріс.
Өгейсінбе, жебеп жүр, өз ұлыңмын
Анда-санда келгенде, бауырыңа қыс.
Нұркен ағаның тағы бір ғажайып, жаны сергек, таза және адами мөлдір ойларын «Әйел-Ару» атты өлең жолдарынан аңғарамыз.
Жолдас болып таңдандырған әйелдер,
Апа болып ойландырған әйелдер,
Мойын болып басымызды билеген
«Президент», «Резидент» әйелдер!
Ғашық болып арман қуған әйелдер,
Өмір сыйлап, өріс болған әйелдер,
Отбасының қарапайым тірлігін
Отаныма қуат қылған әйелдер.
Балаларын ерке қылған әйелдср,
Жұбайларын серке қылған әйелдер,
Айта берсем ұлылық көп сендерде
Әйелдермен бақыт кеніш қара жер.
Құдай білер, өздеріңе асықпыз,
Құдай білер, өздеріңмен алыппыз,
Құдай білер, күндіз-түні тәңірден –
Өздеріңе саулық тілейді арымыз.
Адам-Ата, Хауа-Анадан сіз бен біз,
Ар, адалдық, махаббатты алғанбыз,
Тілегімді азаматтық қабыл ал
Құрметті Ана, абзал ар Дос, Ару Қыз!
Ғалым, әрі ақын ағамызға сарқылмайтын шығармашылық еңбек, қажымайтын қайрат тілеп, рахмет айтамыз!
Қарқаралы тарихи-өлкетану
мұражайының бас қор сақтаушысы
Қ.Бұланбай