«Адам тәрбиенің құлы болуға жетпей,
әлі күнге табиғаттың құлы болып жүр»
Жүсіпбек Аймауытов.
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы «Өлең және қарасөз ғибраты» нақылында: «Халықтың жақсысының өнері – зорлық, жаманының өнері – ұрлық». Бұл екеуі қолынан келмейтұғын жамандардың өнері өтірік болып, қара пұл үшін жанын салып, тіріні түтіп қоймай жұлып, өліктен кебін дәметіп, жақсы арын сатып, жаман жарын (иарын) сатып, шешен сөзін сатып, ата-ана ұл мен қызын сатып, ишандар құдайға қылған құлшылығын ғауамдардың назарына сатып, молдалар оқыған оқуын шартық қошқар, шынжау тайға сатып (айырбастап) кетті». «Ал»-«Бер» деген сөзі екі ағайынды болушы еді, соның «Ал» – дегені өліп, «Бер» – деген сөзі тірі қалды, «Бар»-«Жоқ» – деген екі ағайынды болушы еді, «Бар» – деген сөзі өліп, «Жоқ» – деген сөзі тірі қалды. Бұқара жұрт қой мысалды, хакімдер қасқыр болып, екі даугер шырылдаған бақа, билер оны жыландай сорып, бар малынан айырылып, жоқ жанынан айырылып…» – деп күңіренді де, осылардан алас болудың жолы қанағат екендігін ескертеді.
Әлбетте, ойшыл шын мәніндегі зиялылық пен парасаттылыққа бөленбей, қарақан басының құлшылығын тәрбие, мәдениет, адамгершілік үрдістеріне бойлайтын ізденіс жасамай танылу, өзіңді тану әсте мүмкін емес екендігіне назар аударады. Бұл туралы ол өзінің «Бір үйге» атты өлеңінде:
Құдайдың қаламымен жазылған нон,
Басы – жетпіс, аяқ – елу, ортасы – он.
Ноқаты саулап нонның шамшырақтай,
Есіңнен шығар, көрсең ат пен тон!, –
деп уағыздайды.
Ізденістің басты мақсаты білімгс, ғылымға, өнергс ұмтылыс жасау, осы жолда өмір ақиқаты деген Ұлы құбылыстың иіріміне кірігу, өзіңмен де, өзгемен де табиғи үйлестік (гармония) табу болса, оны ақыл мен қанағаттылықпен игеру зор талап, адамгершілік және еңбекқорлықты керек етеді. Мұны ақын «Шайтанның досы» өлеңінде:
Ойлаңыз – ақыл, білім қайда болмақ?
Дүниеде қандай орын, жайда болмақ?
Білу мен ұнату – ақыл деген ісі,
Қайтсе – зиян, қайтсе пайда болмақ?
Тынысты құлақ естіп, көзбен көрмек,
Мұрын – иіс, тіл дәмнен – хабар бермек.
Бесеуінен мидағы ой хабар алып,
Жақсы, жаман сол істі ол тексермек, –
деп қорытады.
Алайда ортасынан опа қашқан халық-жұртына әрі налу, әрі үміт ретіндегі өз ойларын «Мәшһүрдің алпыс сегізіндегі сөйлегені» деген өлеңінде былайша баяндайды:
Түзелер қашан жұрт боп мына қазақ,
Қылмаған кім бар дейсің бізді мазақ?!
Кешегі өткен дәуірде тұншығумен,
Өлуге, өлмесек те, қалдың аз-ақ!
Немесе:
Жүрдік-ау тіріміз деп біз де ұялмай,
Өздігінен өлуге жан қия алмай.
Өнер, білім, талапқа жол жоқтықтан,
Хайуанша қаңғып қалдық оқи алмай,
-деп налыса,
Айтқан сөзің құлақтан кетеді ағып,
Құлақ қайда мақтанар гауһар тағып.
Құлағы тарс бекіген саңырауларға,
Шаршама сылдыр-сылдыр қоңырау қағып, –
деп үтіттейді.
Бұл жолдағы өзінің өкінішін де жасырмайды. Ол «Қолыма қағаз, қалам алайын да» деген өлеңінде:
Дүние-ай, талмай қуып жете алмадым,
Нәпсімен болдым даулы, біте алмадым.
Мойныма үзілмейтін арқан түсті,
Қайрат қып, үзіп тастап кете алмадым, –
деп күстеленеді.
Өзін-өзі таза ұстаудың, нәпсі қанағатсыздығының өмір-өзегін түсінуге, дамытуға және нұсқаландыруға теріс әсер ететіндігіне халық-жұртын иландыруға күш салады, һәм ескертеді. Ол:
Жүрген жан толып жатыр қарап босқа,
Ала алмай жақсы сөзден үлгі нұсқа.
Жарығы бүл дүниенің тайып кетсе,
Қараңғы, бір қонарсың, шамсыз қосқа, –
деген жолдарда адам табиғаты қанша сұңқар болса да, салиқалы ізденіс болмаған жерде табыс болмайтындығын, өсу болмайтындығын, ең өкініштісі адамзат мұрағатының санатына үлес қоспай, із-түзсіз, қараңғылық құрсауында өтетіндігінің зарлы запыранын жұтуға апаратынын айтады. Мұны ақын өзінің «Жеті жетім» өлеңінде:
Ішінде көп ғалымның болса надан,
Пазлары ғұламалар түрлі адам.
Отырса сөзге түспей аңырайып,
Жетімдік – не болады мұнан жаман, –
деп назаданады.
Ақын өмір өзегі ізденістің тек қана қарақан басты ақтауға, білім алуға, тіпті ғалым-ғұлама болуға бағыттамай, халқына, маңайына нұр сеуіп, арыстандай жүрек пен жолбарыстай білекті еліне пайда келтіруге жүмсағанда ғана танымды, пайдалы, нұсқалы ізденіс болмақ деп уағыздайды. Адамдарға қатынас төңірегіндегі ізденіс ғылыми қисындылық негізден гөрі, ішкі жан сарайымен исіну тұрғысынан мол суаттану қажет екендігіне, халқыңа, еліңе пайдалы жақсылық келтіруге, қанағатсыз қара басыңның нәпсісіне қанағат биігінен қарауға шақырады. Ол «Ит дүние» өлеңінде:
Ішіп-жеп, не керегін кимеген соң,
Шашып-төгіп жүруді сүймеген соң.
Мәлім ғой ақыретте берер пайдаң,
Жалғанда бір сілемің тимеген соң; –
деген шумақтарда ізденіс түбі мінез бен әрекет дархандығына бастау болу керек екендігін ескертеді.
Осы жолдағы еңбегінің еш, сорының тұз болғандығы туралы «Сырға сөз» деген өлеңінде:
Алды-арты бұл дүниенің – қараңғы түн,
Үміт бар – болар деген бір жарық күн.
Құр босқа текке айқайлап, зорықпайын,
Жаяудан шаң шықпайды, жалғыздан үн, –
деп қамығады.
Алайда, ақынның қамығуынан үмітінің озық екендігі, өз жұртын қалай мінесе де, оның болашағының кемелдігіне сенеді. «Қазақты жамандаушыларға» деген өлеңіндс ол:
Көшкені – айт, қонғаны – той, мерекесі
Сондықтан сарт, ноғайдың келекесі.
Сарт, ноғай, орыс-орман – бас қосқанмен,
Қазақсыз кірмес шырай берекесі, –
деп мінезденеді.
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы қоғамның даму үрдістерінің салт-дәстүр, өмір, өнер, жалпы жарық дүние әлемінің қағидаттарын ескере отырып, дамуды ғана адам мен орта, адам мен қоғам арасындағы қатынастар гармониясының негізі екендігіне назар аударады. Мұны біз ақынның жаңа заманның өресіз саясатына қатысты «Мына заман» өлеңдеріндегі жолдардан көреміз, сеземіз, өкінеміз. Мысалы, біз оны:
Басы-аяқ та, аяқ-бас – айдап жарық,
Жабы-семіз, қазан ат – жүйрік – арық.
Бір-бір мылтық мойнына асып алып,
Жарымес, далпылдап жүр, өңшең шалық, –
деген жолдардағы шерден (лерден) аңғарамыз.
Ізденіс мәдениетін қалыптастыру жолында ақын «Бес қымбат» атты нақыл өлеңінде:
Ең әуел керек нәрсе – иман деген,
Екінші керек нәрсе – ғақыл деген,
Үшінші қымбат нәрсе – сабыр деген,
Төртінші қымбат нәрсе – шіүкір деген,
Бесінші қымбат нәрсе – әдеп деген, –
нақылдар арқылы өзінше азаматтық қоғамның моральдық жарғыларын ұсынады. Осы жолдағы жетіспеушіліктер мен берекесіздіктердің басты себебін «Дауасыз дерт» өлеңінде былайша қорытады:
Ағайын барды күндеп көре алмайды,
Жоқ болса, жомарттық қып бере аямайды.
Кәнекей, бермегенің сол емес пе,
Білмеген – білген тілін неге алмайды ?, –
деп күйінеді.
Сонымен, қорыта айтқанда, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының мұрағаты өмір өзегі – ізденіс парасатының толыққанды болуы, дүниетану даналығының кешегісі, бүгіні және ертеңі туралы толассыз еңбекті қажет ететіндігін, ең бастысы ізденіс мұраты халқыңа пайдалы қызмет арқылы іздендірілуінде жатқандығына назар аудару екендігін айту абзал.
Профессор Н.Мырзаханов.