Қолжазба құқықтары негізінде/На правах рукописи/As a manuscript

Еділде, ғалымдармен, 1975жыл/С учеными на Волге, 1975год/ With scientists on the Volga River, 1975

Арман асуында (еркін сұхбат)/

На вершине мечты (свободное интервью)/

At the peak of dreams (free interview)

-Нұркен, сені студенттік өмір несімен қызықтырды?…(1965 жыл).

«Ол ойлы көздерін алысқа қадап отырып қалды. Кең маңдайы, ақшыл жүзі, терең көзқарасы белгісіз бір тебіреністі аңғартқандай. Балалығының айшықты бір сәттері есіне түсті ме, әлде мектеп – анаға деген беймезгіл сағыныш биледі ме, жұкалтаң ерні әнтек-әнтек дірілдейді…

Қарқаралы қаласындағы Үгәр Жәнібеков атындағы Қазақ орта мектебінің акт залы бүгін ерекше бір шаттықтың куәсі болғандай. Жарқын жүзді жастар мен мосқал тартқан егде адамдар залдың есігін босатар емес. Толассыз ағылуда. Мінбеде мектеп директоры. Келесі сөздерді мүғалімдер, совхоз директорлары, қарапайым жұмысшылар, тағы басқалар да кезектесіп алып, өздерінің ақ тілектерін, ақылдарын айтып жатты.

Ендігі бір сәтте сахна төріне қарай жауырыны қушықтау, ұзын бойлы, ашаң жүзді балаң жігіт көтеріліп бара жатты. Балғын бетіне теуіп шыққан толғаныстың, үлкен тебіреністің лебі байқалады.

Осы сәтте мен де толқыдым. Ойыма Абай атамыздың «Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар қалан» деген өлең шумақтары келді. Өйткені бүгінгі күн Нұркеннің үлкен өмір сахнасына қадам басуы, үлкен өмірге қандай дәрежеде еніп, келешекте жоғары білімді, білікті маман болып, физиология саласындағы ғылыми жаңалықтардың бастауы еді.

1965 жылдың жаңбырлы жазы болатын-ды.

Мектепті үздік бітірген Нұркен Мырзаханов сол жылы жазда «Ауыл шаруашылығы – екінші майдан» деген партия үндеуіне құлақ салып, өз байламы бойынша Семейдің зоотехникалық-малдәрігерлік институтының малдәрігерлік факультетіне құжаттарын тапсырды. Арынды арманмен, тыңғылықты біліммен келген Нұркен түсу емтиханын «өте жақсы» деген бағаларға тапсырып, институтқа қабылданды. Бұл мамандықты сүйіп келген жас талап студенттік өмірінің алғашқы сәттерінен-ақ лекцияларға үзбей қатысып, практикалық сабақтарда көзге түсе бастады. Физиология, терапия сияқты үйірмелеріне қатысып, білімін кеңейте берді.

Алғашқы сессия…. Алғашқы есеп беру айы. Бұл сессияға Нұркен де толғаныспен келген болатын-ды. Дайындықпен келгенін байқатты да. Төрт емтиханды да аса үздіктікпен тапсырды. Сол жылы студенттердің ғылыми қоғамына мүше болып қабылданды.

Оқулықтарда барды, лекторлардың дәрістерін ғана жете оқып қоймай, өз бетімен ізденді. Ғылыми конференцияларда «Мысықтың маңдай қуысының орналасуы» атты тақырыпта тәжірибелер өткізіп, оларды сараптағаннан кейін баяндамалар жасады. Институт кафедрасынан жоғары баға алды…

Міне, «Физиология кафедрасы». Оның алдында Нұркен бір нәрсені шыдамсыздана күткендей арлы-берлі сеңделіп жүр. Ақшыл жүзі қуқыл тартқан. Себебі де бар: Енді кафедрада Нұркеннің рационализаторлық пікірі талқылануда. Ол осыдан 15 күн бұрын аттың аузын ашатын құралдың схемасын ұсынған болатын. Еңді бүгін соның құндылығы анықталмақшы. Кафедрадан шыққан бойы группа жетекшісі:

-Нұркен, алғашқы жаңалығыңның «өте жақсы» баға алуымен құттықтаймын, – деп қолын құшырлана қыса берді. Ұстаз еңбегі жеміс бере бастағаны да. Қуаныш орнын тапқаны қандай жарасымды!…

Міне, группалас студенттер Нұркенді қаумалай қоршап алған. Барлығының да жүзінен бір ризашылықты аңғарғандайсың.

-Нұркен, Лениндік стипендияға ұсынылуыңмен!

-Табыстан табысқа жетуіңе тілектеспіз!

Нұркен группаластарымен бірге қуанып, бір сәтке ойланып қалды: «Рас-ау, барлығы құттықтап жатыр. Сонда мен осынау бір үлкен тұғырға, үлкен сенімге – Лениндік стипендияға лайық па екенмін…». Есіне институт ректоры Байдолла Хамзеұлы Садықовтың айтқаны орала берді: «Нұркен, бұрын жақсы оқу өзің үшін қажет болса, енді ол өзің өкілі болып саналатын ұлттың жастарының намысы үшін қажет. Осыны ұмытпа!»….

Көз алдымда институт қабырғасындағы екі жыл өмірі елес беріп өтіп жатыр. Биылғы жылы ғылыми конференцияда жасаған «Биязы жүнді қойлардың Семей облысындағы жүрек қызметінің, дыбыс өзгерісінің сипаттамасы» деген баяндамасы, онда келтірген пікір-жаңалықтары, атқарған қоғамдық жұмыстары, барлығы, барлығы…

Институт өміріндегі соңғы жыл. Кеше ғана таусылмастай көрінген бес жыл артта қалды. Келесі шыңға дейінгі санаулы айлар бой көрсетеді.

Иә, жалынды жас бүгінгі күні шыққан тұғырынан болашағын топшылайды. Тоқтап қалғысы келмейді. Бүгінгі шыққан биіктен келесі асқар шыңды алуды мақсат қояды – «Қыран төменге емес, қияға көз тастайды» емес пе!

Нұркен Мырзаханов тек өз мамандығымен ғана шектеліп қалғысы келмейді. Планета тынысымен, күнделікті шығып жатқан көркем әдебиеттермен етене таныс болуды өзіне мақсат еткен. Мен бір сұрағанда: «Әдебиетсіз күн көру мүмкін емес деп ойлаймын. Кейбір жігіттер «Әдебиеттің не пайдасы бар?» дегенде оларға қатты ренжимін. Себебі, біздің осы өмір сүріп отырған дәуіріміздің айнасы – әдебиет емес пе? Өз басым Эрнест Хемигуэй мен Михаил Шолоховтың, Мұхтар Әуезов пен Бейімбет Майлиннің шығармаларын оқымауды күнә санар едім!» – деді ол…

-Нұркен, институтты бітірген соң не істеу ойыңда бар?

-Ғылыммен шұғылданғым келеді. Ветеринария ғылымы саласында ашылмай жатқан ұшан-теңіз жаңалықтарға, бір мысқал болсын, өз еңбегімді қосқанға не жетсін, – деді жас жігіт».

-Несімен дейсің бe? Қызықтырғаны соншалық, мен осынау бір буырқанған, толқыған, жалынды жастығымның жадыраңқы кездерін түгел қайталануын тілер едім! (1970 жыл).

Ақын, жазушы-драматург, Қазақстанның

Білім беру үздігі, Қатон-Қарағай ауданының

құрметті азаматы Әлібек Қаңтарбаев,

Семей қаласы.

Пікір қалдыру